"Халық Барысы" анықталды

26.05.2019
"Халық Барысы" анықталды
"Белдесу" күресі


Белдесу - қазақ күресінің бір тармағы. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрлерінде кездесетіндей балуандар кеудесін жалаңаштап, белбеуден ұстап, табиғат аясында күресетін ұлттық спорттың бір түрі. Қазақ күресінде "белдесу" деген әдіс бар, ол - екі балуанның бір-бірін белден орай ұстау әдісі.

"Рухани жаңғыру" мақаласын іске асыру, ұмыт қалған көне балуандық өнеріміз "белдесу" спорт түрін қайта жаңғыртуды жүзеге асыру, жастарды спортқа тарту, қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін насихаттап, спорттық салт-дәстүрін сақтауға жұмылдыру мақсатында2018 жылы алғаш рет "Халық Барысы" турнирі ұйымдастырылды.

Алматы қаласы "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде өткен турнирге 1000-ға жуық балуан тіркеліп, бақ сынады. 20 000 000 теңге жүлде қоры қарапайым халықтың аталған күрес түріне деген қызығушылығын арттырды.

Белдесу күресінде үш ғана нәтиже болды: жеңіс, жеңіліс және тең түсті. Балуандар тік тұрып күресті. Жауырыны ғана емес, тізесі, шынтағы, қолы жерге тисе, ол балуан жеңілген болып саналды. Құласа да, жығылса да, жеңілгені болып есептелді.

Нәтижесінде І орынды Алматы қаласының балуаны Қиқымов Мақсат алып тұңғыш "Халық Барысы" атанды. Қостанайлық Жиентаев Талғат ІІ орын, Нұр-Сұлтан қаласының балуаны Абдулов Айтуар ІІІ орын алды.

Турнир қазақ күресі ғана емес барлық күрес түрлерінің спортшыларын бір алаңға жинай алды. Бабы келмей, ережесін түсінбей, әдіс жасай алмай қалған балуандар келесі жылғы "Халық Барысына" міндетті түрде қатысатындарын білдірді.

Бұрынғы ата-бабаларымыз сияқты жалаң кеуде, шалбар мен белбеуде күрескен қатысушыларқарапайым халықтың да ерекше алғысына бөленді.

Осы бастама нәтижесінде өңірлерде "белдесу" күресін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Жамбыл облысы тұңғыш рет "белдесуден" оқушылар арасында турнир өткізіп, жассөпірімдерді аталған спорт түрімен таныстырды.

Қайта жаңғыртылып жатқан көне ұлттық спортымызға деген халықтың ықыласын, қатысушылардың сұранысын ескере келе 2019 жылы ІІ "Халық Барысы" турнирі ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды.

Биылғы белдесуге келген 1000-ға жуық балуан жарыстың бірінші күні іріктеу кезеңінен өтті. Ал турнирдің екінші күні 32 балуан өзара күш сынасып, нәтижесінде: І орындыНұралинов Дәурен (Алматы қаласы), ІІ орынды Жиентаев Талғат(Қостанай облысы), ІІІ орынды Қырықбаев Ғалымжан (Жамбыл облысы)иеленді.

Ұмыт қалған ұлттық спортымызды жаңғыртуға барлығымыз үлес қосайық!

Демеушілер мен серіктестер