Халық Барысы халықтан шығады!

17.05.2019
Халық Барысы халықтан шығады!
Белдесуден ІІ "Халық Барысы" республикалық турнирі өтеді
Алматы қаласында 25-26 мамырда қазақ күресінің бір тармағы - белдесуден республикалық турнирі өтеді. Осы жылы 20 миллион жүлде қоры үшін күресуге Қазақстанның барлық өңірінен 1000-ға жуық балуан қатысады деп күтілуде.

Бұл жөнінде бүгін баспасөз-конференциясында Алматы қаласы Спорт басқармасы басшысының орынбасары Кенжебулатов Еркебұлан Мейрамұлы хабарлады. Сондай-ақ, іс-шараға ҚР қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов, "Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры Жанарбек Атығаев және І "Халық Барысы" Мақсат Қиқымов қатысты.

Екінші рет өткелі отырған турнир "Рухани жаңғыру" мақаласын іске асыру мақсатында ұмыт қалған көне балуандық өнеріміз "белдесу" спорт түрін қайта жаңғыртуды жүзеге асыру, жастарды спортқа тарту, қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін насихаттап, спорттық салт-дәстүрін сақтауға жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылады.
"Биылғы турнирдің басты ерекшелігі: көрермендер арасында автокөлік ойнатылады. Сондай-ақ, жаттықтырушыларға арнайы сыйақы тағайындалып отыр. Жарысқа 18 бен 50 жас аралығындағы салмағы 70 келіден асатын Қазақстан Республикасының кезкелген азаматы қатыса алады", - деп атап кетті федерацияның бас хатшысы Б.Сәбитов.
Сондай-ақ, қатысушыларға қойылатын талаптармен таныстырды. Спикер айтып өткендей, жарыс барысы Қазақ күресі федерациясы бекіткен ережелерге сәйкес және олимпиадалық жүйе бойынша өткізіледі. Балуандар күресі негізгі үш нәтижемен бағаланады: "жеңді", "жеңілді", "тең түсті". Қатысушылар спорттық жарыс алдында медициналық тексеруден өтуі, тіркеу уақытынан кешікпеуі, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға, ережелерге бағынуы тиіс.

Баспасөз конференциясына келген БАҚ өкілдері "Қазақстан барысы" туринирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің осы турнирге де қатысуы жайлы бірнеше сауалдар жолдады. Федерация хатшысы Б. Сәбитов: "қазақ күресімен айналысатын балуандар мен жанкүйерлердің өтініштеріне орай қатысуға рұқсат бердік. Өйткені, "белдесу" күресінің басқа күрес түрлерінен айырмашылықтары көп, қазақ күресімен шұғылданатын балуандар үнемі беренде, кілемде, ұпайға негізделіп күресіп үйренген, ал белдесудің киім үлгісі де, әдіс-тәсілдері де басқаша, сол себепті де спортпен шұғылданып жүрген азаматтардың турнирге қатысуынан қорқудың қажеті жоқ", - деп түсіндірді.

Турнир "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде өтеді (Әл-Фараби 128/8). Басталуы 25 мамыр, сағат 11.00-де. Ал қатысушыларды тіркеу рәсімі 23-24 мамыр күндері сағат 10.00.-21.00 аралығында жүргізіледі. Қатысушы үміткерлердің сұранысы бойынша биылғы жылы qazaqstanbarysy.kz сайтында онлайн тіркеу жасалады.

Халық арасынан шығатын барысты анықтау шарасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР қазақ күресі федерациясы және "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қоры Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастыруда.
Турнирдің ресми ақпараттық ресурсы www.qazaqstanbarysy.kz сайты, қосымша ақпараттар "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қорының әлеуметтік желілердегі ресми өкілдіктерінен таратылады.
Ұйымдастыру комитетінің байланыс телефондары: 87011004344.

Белдесу күресінің ережесі

Теги:

Sponsors